Қоршаған ортаны қорғау

"АЖК" АҚ қоршаған ортаны қорғау бойынша қызметі және құрылымы туралы ақпарат

Өндірістік нысандардың санитариялық сыныптамасына сәйкес, «АЖК» АҚ III–IV санаттарға және қауіптіліктің 5-сыныбына жатады. Бұл қоршаған ортаға әсер ету деңгейінің төмен екендігін көрсетеді.

Қоршаған ортаға эмиссияларды басқару және қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі қызметінде Қоғам Қазақстан Республикасының Экология кодексінің талаптарын басшылыққа алады.

Өндірістік қызметті жүзеге асыру үшін кәсіпорынның жөндеу және өндірістік жұмыстар орындалатын учаскелері бар. Оларға дәнекерлеу учаскелері, электр жабдықтарын жөндеу цехтары, гараждар және басқа да қосалқы нысандар жатады.

Электр желілері мен қосалқы станцияларды пайдалану кезінде қоршаған ортаға әсер етудің негізгі көздері мыналар болып табылады:

  • негізгі жабдықты жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын орындайтын қосалқы бөлімшелердің қондырғыларын қамтитын стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарылуы (дәнекерлеу бекеттері, трансформаторларды кептіру қондырғылары, трансформатор майын сақтау және тазарту учаскелері, металдарды газбен кесуге және дәнекерлеуге арналған жабдықтар, ағаш өңдеу цехының станоктары және т.б.);
  • электр желілері мен қосалқы станцияларға пайдалану қызметін көрсету кезіндегі өндірістік-шаруашылық қызмет, бұл ретте шығарындылар мен түзілетін қалдықтардың көлемі эмиссиялардың бекітілген нормативтерімен реттеледі;
  • қосалқы станциялардың жабдықтарын жөндеу, реконструкциялау және жаңғырту кезінде түзілетін, заңнамада белгіленген тәртіппен кәдеге жаратылуға және/немесе орналастырылуға жататын өндіріс қалдықтары;
  • техногендік жүктеменің уақытша ұлғаюымен қатар жүретін Компанияның инвестициялық жобаларын іске асыру;
  • жылжымалы көздерден, оның ішінде автокөлік пен арнайы техникадан ластаушы заттардың шығарылуы.
Атмосфералық ауаға әсер ету

«АЖК» АҚ үшін белгіленген шекті жол берілетін шығарындылар нормативтеріне сәйкес зиянды заттар шығарындыларының ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған стационарлық көздері айқындалған.

Ластаушы заттардың шығарындылары

Стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарындылары жабдықтарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын орындайтын қосалқы бөлімшелердің қызметі нәтижесінде қалыптасады. Оларға мыналар жатады:

  • дәнекерлеу бекеттері;
  • трансформаторларды кептіру қондырғылары;
  • трансформатор майын сақтау және тазарту учаскелері;
  • металдарды газбен кесуге және дәнекерлеуге арналған жабдықтар;
  • ағаш өңдеу цехының станоктары және т.б.
Атауы Норматив, т/жыл Нақты, т/жыл
Стационарлық көздерден шығатын жалпы шығарындылар 7,25 7,25
Төлемдер туралы мәліметтер Жыл Міндетті төлемдер, теңге Айыппұлдар, теңге
1 Стационарлық көздерден және ЖЖМ-дан нақты шығарындылар 2025 7 880 516  
Өндіріс қалдықтары

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қалдықтармен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының Экология кодексінің талаптарын, сондай-ақ қалдықтармен жұмыс істеу нормативтерін (ҚЖІН) және қауіпті қалдықтардың паспорттарын қоса алғанда, ішкі құжаттарды басшылыққа алады.

Түзілетін қалдықтар түріне қарай өндірістік және коммуналдық қалдықтарға бөлінеді.

Қалдықтардың негізгі түрлеріне мыналар жатады:

  • пайдаланылған трансформатор майы;
  • майланған сүрту материалдары;
  • металл сынықтары;
  • құрамында сынап бар шамдар;
  • өндірістік және құрылыс қалдықтары;
  • макулатура және басқа да қалдықтар.

Кәсіпорында қалдықтарды түрлері мен қауіптілік сыныптары бойынша бөлек жинау ұйымдастырылған. Қалдықтар арнайы бөлінген орындарда таңбаланған ыдыстар мен контейнерлерді пайдалану арқылы жиналады. Бұл әртүрлі қалдықтардың араласуына және олардың қоршаған ортаға теріс әсер етуіне жол бермейді.

Қалдықтарды уақытша сақтау экологиялық және санитариялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін арнайы жабдықталған алаңдарда жүзеге асырылады. Алаңдар топырақтың ластануына жол бермейтін қатты жабынмен, сондай-ақ қажет болған жағдайда бастырмалармен және ықтимал төгінділер мен ағып кетулерді оқшаулауға арналған құралдармен жабдықталады. Қалдықтарды уақытша жинақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормативтік мәндерден аспайды.

Өндірістің негізгі қалдықтары жабдықтарды пайдалану, жөндеу және жаңғырту барысында түзілетін трансформатор майы мен металл сынықтары болып табылады. Аталған қалдықтар жасалған шарттар негізінде кәдеге жарату үшін мамандандырылған ұйымдарға беріледі.

Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу үшін Компанияның бөлімшелері оларды әкету және қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына орналастыру жөнінде мамандандырылған ұйымдармен шарттар жасасқан. Сондай-ақ пайдаланылған, құрамында сынап бар шамдарды кәдеге жарату жөніндегі шарттар жасалған.

Қалдықтармен жұмыс істеу және бақылау

Кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімшілік аудандарының салық органдарына қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдер бойынша тұрақты түрде есептілік ұсынады.

Қауіпті қалдықтармен жұмыс істеуге ерекше бақылау жүргізіледі, оның ішінде:

  • құрамында сынап бар шамдар (демеркуризациялау үшін мамандандырылған ұйымдарға беріледі);
  • пайдаланылған автомобиль шиналары;
  • аккумуляторлық батареялар.

Коммуналдық қалдықтар тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) арнайы полигондарға орналастыру үшін беріледі.

«Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған жалпы шығыстар мен инвестициялар»
  Өлшем бірлігі 2025 ж. (сомасы)
Қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты шығыстар теңге 457 067
Қалдықтардың түрлері мен олармен жұмыс істеу тәсілдері бойынша бөлінген жалпы массасы
  Өлшем бірлігі 2025 ж. (массасы)
Барлығы түзілген қалдықтар, оның ішінде: т. 1 672
қауіпті қалдықтар т. 67,81
қауіпті емес қалдықтар т. 1 604

Статистикалық есептілік (2025 жылғы 2-ТП «ауа», 4-ОС нысандары) Алматы қаласы мен Алматы облысының статистика департаменттеріне уақтылы және толық көлемде ұсынылады.

Жалпы кәсіпорын бойынша түзілетін қалдықтар қауіптіліктің 3, 4 және 5-сыныптарына жатады.

Радиоактивті қалдықтар

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да радиоактивті материалдарды пайдалануға байланысты қызмет түрлері жоқ. Осыған байланысты өндірістік қызмет барысында радиоактивті қалдықтар түзілмейді.

Су нысандары мен топырақ жамылғысына әсер ету

Компанияның су тұтыну көлемі мардымсыз, өйткені технологиялық процесте су пайдаланылмайды. Ағынды сулар су нысандарына және жер бедеріне төгілмейді.

Май толтырылған жабдықта қолданылатын трансформатор майлары, сондай-ақ шаруашылық-тұрмыстық ағынды сулар қоршаған ортаны ластаудың ықтимал көздері болуы мүмкін.

Топырақ пен жерасты суларының ластануына жол бермеу мақсатында май толтырылған жабдық майдың қоршаған ортаға түсуін болдырмайтын май қабылдағыш құрылғылармен және тұғырықтармен жабдықталған.

Экологиялық төлемдер және есептілік

Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдер (оның ішінде стационарлық және жылжымалы көздерден ластаушы заттардың шығарындылары үшін) отын тұтынудың нақты көлемі туралы есептік деректер негізінде жүзеге асырылады.

Кәсіпорында белгіленген тәртіппен мынадай құжаттар әзірленіп, бекітілген:

  • қалдықтармен жұмыс істеу нормативтері;
  • қауіпті қалдықтардың паспорттары;
  • экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар шекті жол берілетін шығарындылар жобасы.

ШЖБШ жобасының материалдарына сәйкес, қоршаған ортадағы ластаушы заттардың шекті жол берілетін концентрацияларынан асып кету жағдайлары анықталған жоқ. Компанияның нысандары III–IV санаттарға жатады.

Алматы қаласында орналасқан III санаттағы нысандар бойынша жылына 7,25 тонна мөлшерінде белгіленген лимитпен қоршаған ортаға эмиссиялар туралы декларация берілді.

Алматы қаласы мен Алматы облысындағы өндірістік алаңдар бойынша қауіпті және қауіпті емес қалдықтарды түгендеу жөніндегі есептілік уәкілетті экологиялық органдарға белгіленген мерзімдерде ұсынылады.

Атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту жөніндегі іс-шаралар

Нормалау кезеңінде атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларының көлемін азайту жөніндегі арнайы іс-шаралар көзделмейді, өйткені санитариялық-қорғау аймағының шекарасында және жақын орналасқан тұрғын үй құрылысы аумағында ластаушы заттардың жерге жақын қабаттағы концентрациялары Қазақстан Республикасының санитариялық қағидалары мен гигиеналық нормативтерінде белгіленген шекті жол берілетін мәндерден (ШЖБМ) аспайды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының, оның ішінде Қазақстан Республикасы Экология кодексінің және шекті жол берілетін шығарындылар (ШЖБШ) нормативтерінің талаптарын сақтау мақсатында кәсіпорында жыл сайын ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар кешені әзірленіп, іске асырылады.

Экологиялық заңнама (Қазақстан Республикасының Экология кодексі) және «Өндірістік объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкес мынадай іс-шаралар көзделеді:

Жоспарлау іс-шаралары:
  • ластаушы заттардың таралуын азайтуға бағытталған санитариялық-қорғау аймақтарын ұйымдастыру талаптарына сәйкес кәсіпорын аумағын көгалдандыру.
Технологиялық іс-шаралар:
  • өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес технологиялық регламенттерді сақтау;
  • персоналды еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі талаптарына оқыту (Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес);
  • жабдықтарды тұрақты техникалық тексеруден өткізу және профилактикалық қызмет көрсету;
  • тозған және ақаулы жабдықтарды уақтылы ауыстыру;
  • Қазақстан Республикасы Экология кодексінде көзделген ең үздік қолжетімді техникалардың (ҮҚТ) талаптарын ескере отырып, негізгі және қосалқы жабдықтарды жаңғырту;
  • ластаушы заттардың шығарындыларын барынша азайтуды қамтамасыз ететін жабдықтар мен материалдарды пайдалану.

Аталған іс-шараларды іске асыру және Қазақстан Республикасы Экология кодексінің талаптарына сәйкес ішкі өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін азайту жөніндегі іс-шаралар

Өндіріс және тұтыну қалдықтарының қоршаған ортаға әсерін азайту жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасы Экология кодексінің талаптарына сәйкес ұйымдастырушылық және техникалық шешімдер кешенін іске асыруды көздейді.

Негізгі іс-шараларға мыналар жатады:
  • қалдықтарды тек арнайы жабдықталған алаңдарда және осы мақсатқа арналған ыдыстарда орналастыру;
  • қалдықтарды түрлері мен қауіптілік сыныптары бойынша бөлек жинауды ұйымдастыру;
  • шикізат пен материалдарды ұтымды пайдалану есебінен қалдықтардың түзілу көлемін азайту;
  • материалдарды сатып алуды нақты қажеттілік пен оларды пайдалану мерзімдерін ескере отырып оңтайландыру;
  • көп рет қолданылатын ыдыстар мен қаптамаларды пайдалану;
  • профилактикалық іс-шараларды жүргізу және жабдықтың техникалық жай-күйін бақылау арқылы отынның, майлардың және өзге де заттардың ағып кетуі мен төгілуіне жол бермеу;
  • мүмкіндік болған жағдайда қалдықтарды өндірістік қызметте қайта пайдалану.
Қалдықтардың түзілу көлемін қысқарту

Қалдықтардың түзілу көлемін қысқарту аз қалдықты және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу, сондай-ақ өндірістік процестерді оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі.

Қалдықтардың түзілу көлемі көбіне кәсіпорынның өндірістік қызметінің ерекшелігіне байланысты болады. Сонымен қатар мынадай шаралар көзделеді:

  • жабдықтарды пайдалану тиімділігін арттыру;
  • техника мен жабдықтарды пайдалану регламенттерін сақтау;
  • уақтылы техникалық қызмет көрсету арқылы материалдар мен бұйымдардың қызмет ету мерзімін ұзарту.

Аккумуляторлық батареялар, люминесцентті шамдар, сүзгілер, пайдаланылған майлар және автомобиль шиналары сияқты қалдықтардың түзілуі олардың пайдалану мерзімдеріне байланысты болады. Олардың түзілу көлемін азайту пайдалану және техникалық қызмет көрсету қағидаларын сақтау арқылы қамтамасыз етіледі.

Қайта пайдалану, кәдеге жарату және қайта өңдеу

Қалдықтардың түзілуін барынша азайту мақсатында мынадай тәсілдер көзделеді:

1. Қайта пайдалану:
  • қалдықтарды ұқсас немесе қосалқы технологиялық процестерде пайдалану;
  • ыдыстарды (мысалы майдан босаған ыдыстарды) пайдаланылған материалдарды сақтау үшін қолдану.
2. Кәдеге жарату және регенерациялау:
  • қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін мамандандырылған ұйымдарға беру (металл сынықтары, аккумуляторлар, құрамында сынап бар шамдар және т.б.).
Рециклинг:
  • қалдықтарды шикізат ретінде қайта пайдалану мақсатында өндірістік циклге қайтару.
Қалдықтарды сақтау және орналастыру

Қалдықтарды уақытша сақтау экологиялық және санитариялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес арнайы жабдықталған алаңдарда жүзеге асырылады.

Қалдықтарды сақтау кезінде мыналар көзделеді:

  • қалдықтарды топырақпен және су нысандарымен жанасуды болдырмайтын контейнерлер мен ыдыстарда жинау;
  • қоршаған ортаның ластануына жол бермеу;
  • қалдықтарды уақытша жинақтаудың белгіленген мерзімдерін сақтау.

Одан әрі қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтар мамандандырылған полигондарға орналастыруға (көмуге) жіберіледі.

Аумақты санитариялық күтіп-ұстау

Қоршаған ортаның ластануына жол бермеу мақсатында мыналар көзделеді:

  • аумақты тұрақты түрде тазалау;
  • қалдықтарды уақтылы әкету;
  • контейнерлер мен олар орналастырылатын алаңдарды жарамды күйде ұстау;
  • контейнерлерді санитариялық өңдеуден өткізу;
  • қалдықтар жинақталатын орындардың техникалық жай-күйін бақылау.

Шаруашылық қызметтің жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне әсері елеусіз және жергілікті сипатта деп бағаланады.

Электр беру желілерін пайдалану кезінде құстардың қырылу қаупін болдырмау және азайту мақсатында арнайы табиғат қорғау іс-шаралары көзделеді.

Құстардың әуе электр (ӘЖ) беру желілері тіректерінің элементтеріне, оқшаулағыш аспалар бекітілетін орындарға, траверстерге және порталдық өткелдерге қонуына жол бермеу үшін қонуға қарсы үлгідегі құс қорғау құрылғылары орнатылады.

Атап айтқанда, әртүрлі мөлшердегі құстардың қонуына жол бермеуге арналған ӘЖ ҚҚҚ-Lid үлгісіндегі құрылғылар («конус» қонуға қарсы құрылғысы) қолданылады. Құрылғының конструкциясы мыналарды қамтамасыз етеді:

  • құстардың траверстерге және аспалы оқшаулағыштар тізбектерінің маңына орналасуына жол бермеу;
  • жабдықтардың құстардың тіршілік әрекеті өнімдерімен ластану қаупін азайту;
  • апаттық жағдайлардың және құстардың электр тогының әсерінен қырылу ықтималдығын төмендету.

Құрылғының конус тәрізді пішіні құстардың қорғалатын учаскелерге қонуына кедергі келтіреді, ал конструкциялық ерекшеліктері, оның ішінде монтаждау ойығының болуы, құрылғыны осал жерлерге орнатуға және құстардың қауіпті аймақта болуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Аталған іс-шараларды іске асыру орнитофаунаға теріс әсерді барынша азайтуға және электр желілік шаруашылық нысандарын пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ шаруашылық қызметінің жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне әсеріне 2025 жылға арналған мониторинг жоспары
р Іс-шара Орындау мерзімі Ұсынылған жақсартуды іске асыру жөніндегі іс-қимылдар Жауапты орындаушы Орындалуы туралы белгі
1 ЭЖЖ трассаларын жыл сайын қарап-тексеру, аралап тексеруді жүзеге асыру, трассаларды ағаштар мен бұталардан тазарту «АЖК» АҚ бекіткен кестеге сәйкес «АЖК» АҚ қызметінің жануарлар (құстар) мен өсімдіктер дүниесінің жай-күйіне әсер ету нәтижелерін тіркеу Бақылау тобы Тексеру парағы
2 Персоналдың қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәдениетін арттыру Тұрақты түрде Нұсқамалар өткізу, бақылауды жүзеге асыру ЭЖЖБ, ЭТА бастығы; ЭМБС ӨТБ бас маманы Танысу парағы

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тұрақты басқару мәселелері бойынша жергілікті және халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарымен, оның ішінде «Жасыл даму» АҚ және БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) ынтымақтасады. Ынтымақтастық, оның ішінде «Қазақстан Республикасының тұрақты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясы бойынша міндеттемелерін орындаудың ұлттық жоспарын шолу және жаңарту» жобасы шеңберінде жүзеге асырылады.

«АЖК» АҚ өз қызметінде қоршаған ортаға әсерді төмендетуге бағытталған неғұрлым озық талаптардың қолданылуын қамтамасыз етеді, экологиялық тәуекелдердің алдын алуға, сондай-ақ өндірістік процестер мен өнімнің бүкіл өмірлік циклі бойы климатқа, биоәртүрлілікке, атмосфералық ауаға, жерүсті және жерасты суларына, топыраққа тигізетін теріс әсерін төмендетуге бағытталған барлық қажетті тетіктерді қолданады.

Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бөлігінде жобалау құжаттамасын әзірлеу шеңберінде мердігер ұйымдардың Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені көзделеді.

Құрылыс кезеңінде мыналар көзделеді:

  • шу мен шаң түзілу деңгейін төмендету жөніндегі іс-шаралар;
  • қалдықтарды жинау, уақытша сақтау және уақтылы әкету жүйесін ұйымдастыру;
  • топырақ жамылғысы мен жасыл екпелерді қорғау шаралары;
  • жерүсті және жерасты суларының ластануына жол бермеу.

Нысанды пайдалану кезеңінде қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуды және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін шешімдер көзделеді.

ЖСҚ құрамында қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) материалдары, сондай-ақ өзге де экологиялық құжаттар әзірленеді.

Климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктер.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (бұдан әрі – Компания) климаттың өзгеруінің өзінің операциялық қызметі мен қаржылық нәтижелеріне әсерін мойындайды. Электр энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметтің ерекшелігін ескере отырып, Компания физикалық және өтпелі климаттық тәуекелдерге ұшырайды.

Компанияға мынадай өткір және созылмалы климаттық факторлар әсер етеді:

  • экстремалды ауа райы құбылыстары (дауылдар, қатты желдер, қалыптан тыс ыстық, мұз басу);
  • Компания қызмет ететін өңірге тән су тасқындары мен сел ағындары;
  • температураның ұзақ мерзімді жоғарылауы және климаттық жағдайлардың өзгеруі.

Аталған факторлар электр беру желілері мен қосалқы станция жабдықтарының зақымдануына, авариялық ажыратулар жиілігінің артуына және инфрақұрылымды жөндеу мен оған қызмет көрсету шығындарының ұлғаюына алып келуі мүмкін.

1. Өтпелі тәуекелдер

Жаһандық энергетикалық көшу шеңберінде Компания мынадай тәуекелдерге тап болады:

  • экологиялық және тарифтік реттеу талаптарының күшеюі;
  • жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау үшін инфрақұрылымды бейімдеу қажеттілігі;
  • цифрлық шешімдерді енгізуді қоса алғанда, технологиялық өзгерістер.
1.1 - Қаржылық әсер

Климаттық тәуекелдер Компанияның қаржылық жағдайына мынадай факторлар арқылы әсер етуі мүмкін:

  • операциялық шығыстардың ұлғаюы (жөндеу және апаттық жұмыстар);
  • инфрақұрылымды жаңғыртуға және оның тұрақтылығын арттыруға жұмсалатын күрделі шығындардың өсуі;
  • тарифтік саясат пен кірістерге ықтимал әсер ету.
1.2 - Мүмкіндіктер

Компания климаттық күн тәртіпті мынадай мүмкіндіктердің көзі ретінде қарастырады:

  • желілік инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту;
  • электр энергиясының технологиялық ысыраптарын төмендету;
  • цифрлық технологияларды енгізу;
  • «жасыл» қаржыландыруды тарту.

Климаттық тәуекелдерді басқару Компанияның тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесіне интеграцияланған және «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның тұрақты дамуды басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі 2025 жылға арналған жол картасында көзделген. Тәуекелдерді бағалау олардың туындау ықтималдығы мен ықтимал залалды ескере отырып, тұрақты негізде жүргізіледі. Электр желілік инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыруға және климаттық факторлардың әсерін төмендетуге бағытталған іс-шаралар іске асырылады.

№ 1 кесте – Климаттық тәуекелдерді бағалау және басқару
Тәуекел Түрі Ықтималдығы Әсері Тәуекел деңгейі Басқару шаралары
Қалыптан тыс ыстық Физикалық Жоғары Жоғары Шекті Жабдықтарды ауыстыру, ыстыққа төзімді материалдарды пайдалану
Су тасқындары мен селдер Физикалық Орташа Жоғары Шекті Қосалқы станцияларды қорғау, қауіпсіз аймақтарды таңдау
ЭЖЖ-ның мұз басуы Физикалық Жоғары Орташа Жоғары Желілерді күшейту, мониторинг жүргізу
Инфрақұрылымның тозуы Физикалық Жоғары Жоғары Шекті Жаңғырту бағдарламасын іске асыру
ЖЭК-ті интеграциялау Өтпелі Орташа Орташа Жоғары Желінің икемділігін дамыту
Реттеу талаптарының күшеюі Өтпелі Орташа Жоғары Жоғары Реттеушімен жұмыс жасау
Технологиялық артта қалу Өтпелі Орташа Орташа Бірқалыпты Цифрландыру, smart grid
Беделдік тәуекелдер Өтпелі Төмен Орташа Бірқалыпты ESG-ашу

«Freedom Insurance» АҚ-мен 2 136 550 теңге сомасына № 23062632361040Q міндетті экологиялық сақтандыру шарты жасалды. Міндетті экологиялық сақтандыру нысаны экологиялық қауіпті шаруашылық және өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаның Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген, қоршаған ортаның апаттық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі болып табылады. Көрсетілетін қызметтерді сақтандыру кезеңі – 12 ай.

Парниктік газдар шығарындылары (Scope 3).

Парниктік газдар шығарындыларының қамту саласы (Scope) парниктік газдар шығарындыларын кешенді бағалауды қамтамасыз ету және өндірістік нысандарда әрі олардың шегінен тыс жерлерде шығарындыларды азайту мүмкіндіктерін анықтау мақсатында белгіленеді.

Әдетте құн жасау тізбегіндегі шығарындылар деп аталатын Scope 3 парниктік газдар шығарындылары Scope 1 және Scope 2 шығарындыларын қоспағанда, компанияның құн жасау тізбегінде туындайтын барлық жанама шығарындыларды қамтиды. Бұл шығарындылар есептілікті ұсынатын ұйымға тиесілі емес немесе оның тікелей бақылауында болмайтын, бірақ оның қызметімен байланысты көздерден туындайды. Мұндай шығарындылар көздеріне, мысалы, тұтынылатын шикізат пен отынды өндіру, жүктерді тасымалдау және өндірілген өнімді тұтынушылардың пайдалануы жатады. Бұған сондай-ақ қызметкерлердің көлік құралдарынан және басқа да көздерден туындайтын жанама шығарындылар кіреді.

Парниктік газдардың жанама шығарындыларын бағалау ұйымға өзінің қоршаған ортаға әсерін неғұрлым толық бағалауға, сондай-ақ көміртегі ізін азайту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тиімді шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Барлық жанама шығарындылар емес, тек осы ұйым үшін елеулі болып табылатын шығарындылар ғана есепке алынады. Жанама шығарындылар көздерінің маңызды санаттарының тізбесін ұйым түгендеу жүргізудің мақсаттары мен тиісті ақпаратты тұтынушылардың қажеттіліктерін ескере отырып дербес айқындайды.

Мақсаты – GHG Protocol Corporate Value Chain (Scope 3) Standard әдістемесіне сәйкес 2025 жылғы Scope 3 бойынша парниктік газдар шығарындыларын түгендеу және есептеу.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ үшін есептеулер мынадай санаттар бойынша жүргізілді: 1 - Сатып алынған тауарлар мен көрсетілетін қызметтер; 2 - Сатып алынған күрделі тауарлар; 3 - Энергияны тұтынудан туындайтын өзге де жанама шығарындылар; 5 - Қызмет барысында түзілетін қалдықтар; 6 - Іскерлік сапарлар; 7 - Қызметкерлерді тасымалдау (жұмысқа және жұмыстан).

Өндірістік қызметтің ерекшелігіне байланысты қалған санаттар қолданылған жоқ.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның 2024-2025 жылдардағы санаттар бойынша жалпы Scope 3 парниктік газдар шығарындылары
Санат Scope 3 шығарындылары, т CO₂-экв.
2024 жыл 2025 жыл
1-санат 6 333,732 146 810,263
2-санат 1 458,003 7 444,733
3-санат 121 888,746 125 711,967
5-санат 2,61 930,32
6-санат 98,224 86,235
7-санат 1 154,743 1 205,359
Барлығы 130 936,058 282 188,878

Осылайша, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның жалпы Scope 3 парниктік газдар шығарындылары: 2024 ж. – 130 936,058 т CO₂-экв.;
2025 ж. – 282 188,878 т CO₂-экв. құрады.

№1 Кесте
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның 2024 жылғы Scope 3 ПГ шығарындыларының әрбір санатының маңыздылығы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның 2024 жылғы Scope 3 ПГ шығарындыларының әрбір санатының маңыздылығы 0 20 40 60 80 100 4.84 Категория1 1.11 Категория2 93.09 Категория3 0.002 Категория5 0.08 Категория6 0.88 Категория7
№2 Кесте
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның 2025 жылғы Scope 3 ПГ шығарындыларының әрбір санатының маңыздылығы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның 2025 жылғы Scope 3 ПГ шығарындыларының әрбір санатының маңыздылығы 0 20 000 40 000 60 000 80 000 100 000 120 000 140 000 160 000 146810.263 Категория1 7444.733 Категория2 125711.967 Категория3 930.32 Категория5 86.235 Категория6 1205.359 Категория7

Кесте негізінде «АЖК» АҚ-ның жалпы шығарындыларындағы әрбір шығарындылар санатының пайыздық арақатынастағы маңыздылығын көруге болады.

Графиктен көрініп тұрғандай, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның 2025 жылғы Scope 3 парниктік газдарының жанама шығарындыларына негізгі үлесті 1 және 3-санаттар қосады. Қалған санаттардың үлесі 10%-дан аз.

1-санат (Сатып алынған тауарлар мен көрсетілетін қызметтер):

Өндірушілер мен жеткізушілерден өнім бірлігіне шаққандағы шығарындылар туралы нақты деректердің болмауына байланысты есептеу үшін ашық дерекқорлар негізіндегі материалдар, көрсетілетін қызметтер және өнім түрлері бойынша шығарындылардың орташа коэффициенттері пайдаланылады. Есепке алу шот-фактураларда, шарттарда және сатып алу туралы есептерде көрсетілген сатып алу көлемдері негізінде жүргізіледі. Төмендегі кестеде 1-санат бойынша Scope 3 ПГ шығарындыларының есептеулері көрсетілген.

3-санат – Энергияны тұтынудан туындайтын өзге де жанама шығарындылар – электр энергиясын беру кезіндегі шығындар:

Электр энергиясын өндіру құрылымында көмір мен газдың пайдаланылуына байланысты оларды өндіру және тасымалдау кезінде түзілетін шығарындылар осы отын түрлері бойынша есептеледі. Сондай-ақ «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тұтынатын электр энергиясын беру кезіндегі ысыраптардан туындайтын шығарындылар есептеледі.

2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда Scope 3-тің 1-санаты бойынша көрсеткіштің өсуі «Энергосбыт» АҚ-ның «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ құрылымына енгізілуіне және соған сәйкес есептілік ауқымының кеңеюіне байланысты.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында және ISO 14001:2015 стандартының талаптарына сәйкес Қоғамда 2025 жылғы 24 ақпандағы № 039-П бұйрықпен 2025 жылға арналған маңызды экологиялық аспектілер тізілімі және «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мен «Алатау Жарық Компаниясы» – «Энергосбыт» филиалының 2025 жылға арналған экологиялық менеджмент бағдарламасы бекітілді.

Отчет по ПГ