«Alataý Jastary» Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен және «Серіктес» кәсіподағының қолдауымен құрылған «Book Club АЖК» кітап сүйер оқырмандарының кезекті кітап талқылау кеші өтті
Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік туындыларының бірі – «Ай мен Айша» романын талқылауға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жастары да қатысты.
Романда ашаршылық жайлаған зұлмат жылдарда дүниеге келіп, қазақ зиялылары репрессияға ұшыраған жылдарда әкесінен айырылып, одан кейін Ұлы Отан соғысының тауқыметін бастан өткеріп қанша қиыншылық көрсе де, еңсесі түсіп езілмей, ағынға қарсы жүзе білген Барысхан деген баланың өмірі және сол балаға өшпестей үміт сыйлап, өмірлік шам-шырағы, қайсар қаһарманы болған анасы Айша жайында баяндалған.
Шығармадағы ананың кешкен күнінен сол заманғы қасіретті, қиындықты, әділетсіздікті көресіз. Сол заманғы тұрмысты Айшаның күнделікті күйбелең тірлігі арқылы-ақ оқырманға жеткізе білген Шерхан Мұртазаның шерлі шығармасын оқуға барлығына кеңес береміз.