«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін тойлады

Күн мен түн теңесіп, жыл басы Наурыз мерекесін көпшілікпен бірге тойлау үлкен мəртебе. Бірін-бірі құшақтай қарсы алысып, көрісе амандасқан ағайынның қуанышы - күллі елдің қуанышы. Ұлыс мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануда. Биылғы жылы бұл мерекені «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ да ұмыт қылдырмады. Мерекенің шымылдығын «Алатау Жарық Компаниясы» Басқарма Төрағасы Асылов Абай Ноғайұлы құттықтау тілегімен ашып ұжымның ардақты ардагерлеріне сый-сыйапатын берді.

Ақ жаулықты аналарымыздан көпшілікке шашу шашылды. Одан әуелеген әндер мен мың бұралған бишілер Наурыздың көрігін қыздырды. Қонақжай мекеннің дастарханы кеңінен жайылып, ыдыстары аққа толды. Жиналған көпшілік қауым ұлыстың ұлы күні жайылған дастарханнан дəм татты. Ел қазаны ортаймай, биыл да ас мол болсын деген ниетпен қыз-келіншектер наурызкөжені ерекше етіп əзірледі. Ырыс пен берекенің, жақсылық пен мейірімділіктің нышанына айналған мерекеде тұсау кесу, құдаласу дəстүрлері орындалды.

Демалыс орын аумағында балаларға арналған аниматорлар көріністер қойып, ойын ойнатса, үлкендер жағы спорттық ойындардан бақтарын сынады.

Əз-Наурыз мерекесі "Қол күрес", "Лəңгі тебу", "Батпан көтеру", "Арқан тартыс", "Садақ ату", "Аударыспақ", "Қошқар көтеру"  сияқты ұлттық ойындармен жалғасып. барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.Ұлысқа мерей, туысқа мейірім сыйлайтын татулық мерекесін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ осылайша бір отбасыдай қарсы алды.

Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын демекпіз.

Тәуелсіздігіміздің арқасында қайта жаңғырған, дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мереке қазақ халқы үшін «жақсылықтың бастауы» бола бергей.