«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

9 мамыр! Бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған ақжолтай күн... Бұл күн - қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі.

Осынау ұлы мереке қарсаңында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ энергетика саласында қызмет атқарған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, сый –сияпаттарын табыс етті. Беларусь жерін, Латвия, Литва, Польшаны азат етуге қатысқан98 жастағы соғыс ардагері Сәрсен Қамбар Әмірұлының ақ батасын алды.

Самойлова Галина Ильиничнаны анасын баласынан айырып, концлагерге жібергенде небәрі 1 жастан асқан бөбек болған екен. Өмірдің бар ауыртпалығын жастайынан көріп, бауыры мен ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін көрген апамызға «Соғыс» сөзінің өзі көзіне еріксіз жас толтырады.

«Мемлекет ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді. «АЖК» АҚ қызметкерлерінің қамқорлығы мен қолдауын ерекше алғыспен атап өткім келеді. Тек жеңіс күні ғана емес, үнемі хабарласып, үйіме келіп, қал-жағдайымды біліп тұрасыңдар. Үлкен рақмет. Біз көрген қиындықты келер ұрпағымыз көрмесе екен деп тілеймін» - дейді Галина Ильинична. 

Тәңірберген Толғанбаев 1942 ж. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге әскерге барған. Армения республикасында №40 заставада шекара қызметінде еңбек еткен ардагерімізді Өтеген батыр ЭТА ұжымы құттықтап қайтты.

Жапондықтарға қарсы соғыста Солтанбай Жарықбасов Забайкал майданындағы 25-ші Қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-ші батальонның 1-ші ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған.

Ұйғыр ауданында соғыс ардагерлерінен тек бір ғана адам қалған. Бахар ауылында тұратын 99 жастағы ардагеріміз Кебиров Алымды «АЖК» АҚ атынан Ұйғыр ЭТА ұжымы мерекемен құттықтады.

Бетебаева Оксана Демидовна 1941 жылы 20 жасында соғысқа шақырылып, Полтава қаласындағы №1668 әскери ауруханада медбике қызметін атқарған. 102 жасар ардагер анамызды айтулы мерекемен Қонаев ЭТА қызметкерлері құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.

Жыл өткен сайын ҰОС майдангерлерімен қоса, тыл еңбеккерлерінің де саны азайып барады. Қиын-қыстау заманды көзімен көрген жандардың қатары сиреп жатқандығы әрине, өкінішті. Ал Ұлы Жеңістің 78 жылдығын қарсы алу бақытын нәсіп еткен ардагерлеріміз бүгінде мейірімге бөленуде. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тыл еңбеккерлерін, атап айтар болсақ: Трошев Евгений Федорович, Лаврова Валентина Никоноровна, Суворова Татьяна Васильевна, Ланьшина Ольга Ивановна, Киреева Зинаида Николаевна, Сосницская Екатерина Ивановнаны мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттарын табыстаса, Есік ЭТА мен Райымбек ЭТА ұжымы сұрапыл соғыста қаза болған жауынгерлерді еске алып, монументтерге гүл шоқтарын қойды.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Асылов Абай Ноғайұлы 9 мамыр майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің тарихи ерлігі үшін мақтаныш пен шынайы құрмет көрсететін мереке болып қала беретінін атап өтті. «Ардагерлеріміздің ұлы ерлігін әрбір қазақстандық құрметтеп, есте сақтауы керек. Бізге ашық аспан, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерімізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз»,- деп ізгі тілегін білдірді.

Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қазақстандықтар, сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз!