Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған «All ABILITY CAMP» спорттық лагері

«Балдәурен» оқу-сауықтыру кешенінде «Самрұқ Қазына» АҚ компаниялар тобының қаржылық қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған «All ABILITY CAMP» спорттық лагерінің бірінші маусымының ашылу салтанаты өтті.

Төрт маусымды қамтитын жоба аясында еліміздің өңірлерінен жиналған 200 ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік дағдыларын кеңейтуге, эмоционалдық және физикалық дамуға, паралимпиадалық спорт түрлерін үйренуге мүмкіндік беріледі, сондай-ақ олардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсетіледі. Лагерьде садақ ату, бочча, футбол, теннис және шахмат сияқты спорт түрлерін қамтылады.

«Демеушілердің қаражаты есебінен ашылған лагерьде ерекше балалардың тұлға ретінде дамуына, ортаға бейімделуіне мол мүмкіндік беріледі. Әр бала қоршаған ортаның қамқорлығын қажет етеді. Ал тағдырдың жазуымен ерекше ауруға шалдыққан баланың жанын түсіну, қоғам болып қолдау – парызымыз деп білеміз», - деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.