Энергетика жүйесінің құрметті ардагері Сәрсенов Қамбар Әмірұлы 99 жасқа келді

«Алатау Жарық компаниясы» АҚ ұжымы Ұлы Отан Соғысының ардагері, арда азамат Қамбар Әмірұлы Сәрсенді 99 жасқа келген туған күнімен арнайы барып, құттықтап қайтты.
Сәрсенов Қамбар Әмірұлы 1924 жылы Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Күнтимес ауылында дүниеге келген. 1942 жылғы тамызда 17 жасында Меңдіқара аудандық әскери комиссариатынан Қызыл әскер қатарына Орал әскери округінің 3-жеке оқу бригадасының мерген мектебінің курсанты болып шақырылған.

1942 жылдан бастап бірінші, екінші Балтық және үшінші Беларус майдандарында соғысқа қатысып, үш рет жараланып, 1945 жылы соғыс біткен соң елге қайтқан. Майданда 51-ші атқыштар дивизиясының 30-шы барлау ротасында барлаушы болған қарт майдангердің айтуынша, 1945 жылы жау берілгеннен кейін олар Польшада ұлтшылдармен мамыр-маусым айларында 2 ай соғыс жүргізген.

1947 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Қамбар Әмірұлы Алматыдағы КСРО ІІМ үш жылдық офицерлік мектебінің курсанты болған.

1950-1980 жылдары ІІО-да кіші лейтенанттан полковникке дейін, қатардағы жедел уәкілден Қазақстан ІІМ мемлекеттік күзет қызметі басқармасының бастығына дейін қызмет еткен. Отанымыздың бостандығы үшін талай кескілескен шайқастардың қатысушысы ауыр жарақаттанғанына қарамастан, Қамбар Әмірұлы соғыстан кейінгі жылдарда да азаматтардың тыныштығын күзетуге шешім қабылдап 1980 жылдан бастап Алматы қалалық энергетика жүйесіне жұмысқа орналасып, онда тағы он сегіз жыл жұмыс істеген.

Сәрсен Қамбар Әмірұлы – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Медеу ауданы ардагерлер кеңесінің және Энергетика жүйесінің құрметті ардагері.

Отанға қалтқысыз қызмет еткені және борышын үлгілі атқарғаны үшін полковник көптеген наградамен марапатталған, ол - "КСРО милициясының үздігі" төсбелгісінің кавалері. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі 2 орденімен, II және III дәрежелі "Даңқ" ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Кенингсбергті алғаны үшін" медальдарымен наградталған.

«Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Өйткені елім азат, ұрпағым бейбіт кезеңде өмір сүріп жатыр», - дейді ұл-қызынан немере сүйіп отырған  ардагер.