САБЫР МЕН ТӨЗІМІҢ БОЛСА БҰЛ СЫННАН СҮРІНБЕЙ ӨТЕМІЗ

Мұхит ҮМБЕТОВ, «Алатау жарық компаниясы» ақ басқарма төрағасы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты:

Әлем халқын дүр сілкіндірген аты жаман індет Қазақстанды да айналып өтпегені белгілі.Осы орайда ҚР  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус пандемиясына байланысты жариялаған төтенше жағдай мемлекет үшін маңызды қадам еді.

Осыған орай жақында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі әлемдік пандемияға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады.Онда Елбасы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдай отырып, қазақстандықтарды жалпыға ортақ істен шет қалмауға шақырған болатын. Қазақстан халқы бұл игі бастаманы бір кісідей қабылдап, ел басына күн туған қиын сәтте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» ынтымағы зор, бірлігі жарасқан елдің үлгісін көрсетіп жатыр. Сондай-ақ, Елбасы өз үндеуінде төтенше жағдай кезіндегі коронавирус індетіне қарсы күреске қаржылай қолдау көрсетіп жатқан отандық бизнес өкілдеріне ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлердің бұл сауапты істің жібін үзіп алмай, одан әрі жалғастыра беретіндеріне сенім білдірген-ді. Байқасаңыз, қайырымдылық деген асыл қасиетті жанына серік еткен кәсіпкерлер де, қиын сәтте көмегім тисе екен деген әрбір қазақстандық азамат халыққа қолұшын берудеаянып жатқан жоқ. Ерікті жастар мен үйде отырған бетперде тігіп жатқан еңбегі айтуға тұрарлық. Міне, бүгінде елхалқының осал топтарына осындай қайырымды жандардың қолдауымен жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл біздің елдің жақсылық жасауда алдына жан салмайтынұлт екенін көрсетеді.

Күні кеше Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялады. Онда қауіпті індеттің таралуына алаңдап отырған елдің көңіліне демеу боларлық келелі ойлар қозғалыпты. Ұлт көшбасшысы мақаласында страратегиялық бағыттарға аса мән бере келіп, ең бастысы, мемлекеттің халықпен бірге екенін тілге тиек етеді. «Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс» екенін ескертіп, халыққа бұл індетті даурығып емес, төзім мен сабырдың арқасында жеңетінімге сенім білдірген. Бірлік – адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Біздің бабаларымыз қандай қиын кезеңдер болса да ешқашан бөлінбеген. Соның арқасында өзінің тілін, дінін, ділін аман сақтап қалған. Қай тұста да «бірлік болмай – тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», «алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді деп, ұрпағынұлағаттылыққа тәрбиелеп отырған. Данышпан Абай бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсініп, «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деді. Ұлт ұстазының осы бір қанатты қағидасы елдің қасиетін, ұлттың қадірін тануға үндейтінін әр адам жүрек түкпірінде берік ұстанса деймін. Сонда біз бірлігі жарасқан ұлттың үлгісін көрсете отырып, ел басына туған осынау қиын кезеңді қанға сіңген асыл қасиетіміз –сабыр мен төзімнің һәм бірліктің арқасындажеңіп шығамыз.

Бүгінде жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде сақтық шараларын қамтитын жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Аты жаман аурудың бетін қайтару үшін уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан дәрігерлер «Мен сіз үшін жұмыста қалдым, сіз мен үшін үйде отырыңыз» деген бағытта челлендж бастады.

Десек те біз үрей мен үміті араласқан қарусызмайданда жанын шүберекке түйіп, елдің амандығы үшін қызмет етіп жүрген денсаулық саласының барлық қызметкерлеріне алғыс білдіруіміз керек. Олар мемлекет тарапынан да, қарапайым халық  тарапынан да қандай құрметке болса да лайық! Ендеше, біз сол ақ халаттылардың еңбегін бағалайық! Індетті ауыздықтаудың бір жолы – үйден шықпау!Міне, біз осы талапты шыдамдылық пен төзімді, сабырды қолымызға ту етіп алып, отбасымызбен үйде отырайық! Егер әр азамат төтенше жағдай кезіндегі барлық ережені қатаң сақтап, өзінің және жақындарының амандығы үшін  темірдей тәртіпке бағынатын болса, біз бұл сыннан сүрінбей өтетініміз анық. Өйткені, тәртіп бар жерде нәтиже бар. Ал нәтиже бар жерде жетістік салтанат құрады. Осылайша біз ғаламды жаулаған індетті ауыздықтауға арадағы ынтымақтың, қайырымдылықтың һәм бірліктің арқасында қол жеткіземіз. Өйткені, біз біргеміз!