Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ энергетика саласына сүбелі үлес қосқан ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, мерекелік жиын өткізді.

Жиын  сұрапыл соғыста қаза тапқан ардагерлерді  бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Шара барысында сөз алған басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов  «…Ардагерлеріміздің ерен ерліктері арқасында біз бүгін бейбіт өмір, бақытты ғұмыр кешудеміз. Сіздердің ерліктеріңіз – біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Біз  әрқашан  Жеңіс күнін және аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін – жастарды ерлік пен патриотизмге тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз»  деп ардагерлерге құрмет білдірді.

Компания  үшін  үрдіске айналған бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты Жеңісті жақындатқан аталарымыздың ерліктерімен таныстырып, ортамызда жүрген ардагерлерге құрмет көрсету. Алматы қаласы мен облысының 2 жарым миллионнан астам тұрғынын электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған ірі мекеме – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да  қазіргі  таңда  6  ҰОС ардагері  және 22 тыл еңбеккері мен интернационалист жауынгерлер бар.

Отан қорғап, өшпес ерлік көрсеткен қарт майдангерлерге компания ұжымы сый-сияпат жасап, материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ, компания биыл алғаш рет энергетика саласында қызмет атқарып келе жатқан интернационалист жауынгерлерге де материалдық көмек көрсетті.