
28 сәуір – халықаралық деңгейде аталып өтетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні
Бұл күн Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, өндірістік жарақаттар мен кәсіби аурулардың алдын алу мақсатында өткізіледі.
Осыған орай «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да да бұл маңызды күнге орай арнайы іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Басқарма Төрағасы Асылов Абай Ноғайұлының тапсырмасына сәйкес, барлық құрылымдық бөлімшелерде еңбек қауіпсіздігіне қатысты семинарлар, түсіндіру жұмыстары мен оқу жаттығулары өткізілді. Бұл бастамалар қызметкерлер арасында еңбек қауіпсіздігін сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Сонымен қатар, құрылымдық бөлімшелер арасында бейнероликтер байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар қауіпсіз еңбек тақырыбын шығармашылық тұрғыда ашуға мүмкіндік алды.
Арнайы құрылған комиссияның бағалауы негізінде үздік деп танылған бөлімшелер анықталды:
1-орын – Ұйғыр электр тораптары ауданы;
2-орын – №7 Электр тораптары ауданы;
3-орын – Қосалқы станциялар басқармасы, Оперативтік-диспетчерлік басқарма және 35 кВ және одан жоғары электр желілерін тарату басқармасы.
Жүлделі орын иегерлеріне ақшалай сыйлықтар беріліп, Басқарма Төрағасының алғыс хаттары табысталды. Бұған қоса, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенділік танытқан 32 қызметкер де арнайы марапатқа ие болды.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ үшін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы – басты құндылық. Сол себепті компания өндірістегі жарақаттану деңгейін нөлдік көрсеткішке жеткізуді мақсат етіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.



