35 кВ және одан жоғары электр желілерін пайдалану және жөндеу жөніндегі электр монтерлер бригадалары арасындағы кәсіби жарыс

Мамыр айының 15-16-17 күндері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның Қаскелең қаласында орналасқан оқу-жаттығу полигонында, 35 кВ және одан жоғары электр желілерін пайдалану және жөндеу жөніндегі электр монтерлер бригадалары арасындағы кәсіби жарыс өтті.

Жыл сайын энергетика мамандарының шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылатын кәсіби жарыстар өндірістік персоналдың біліктілігі мен дайындығын бағалау үшін ғана емес, сонымен қатар әр түрлі электр тораптары аудандары энергетиктерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Үш күнге созылған кәсіби сайысқа облыстық электр тораптар ауданының жеті командасы қатысты. Олар, 35 кВ және одан жоғары электр желілері басқармасы, Қонаев ЭТА, Жамбыл ЭТА, Райымбек ЭТА, Ұйғыр ЭТА, Балқаш ЭТА, Есік ЭТА.

Дәстүрге айналған кәсіби жарыстың салтанатты ашылуы ҚР Туын көтеріп, ҚР Әнұранымен басталды. Сайыстың бас төрешісі Сағындықов Жақсылық Берікжанұлы бригадаларды жасақтап Басқарма Төрағасына рапорт берді. Салтанатты шарада сөз алған Басқарма Төрағасы Асылов Абай Ноғайұлы «4 миллионнан аса халыққа жарық беріп отырған энергетик мамандарға талап өте жоғары. Сіздер бес аспап болуға тиіссіздер! Бүгінгі жарыста өздеріңізді қабілетті, тәжірибесі толысқан шебер екендеріңізді дәлелдеңіздер» - деп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты шараға арнайы шақырылған Қарасай ауданының әкімі Естенов Жасұлан Тоққожаұлы «Қазіргі уақытта ауданның 350 мыңнан аса тұрғыны бар. Осыншама халықты, кәсіпорындар мен басқа да мекемелерді электр қуатымен қамтамасыз ету – үлкен еңбек! «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ ұжымына және сайысқа қатысушы командаларға табыс және сәттілік тілеймін!» - деп, өз тілегін білдірді.

«Қарты бар ел, қазыналы ел» деген аталы сөзді қаперде ұстайтын компания басшылығы ардагерлерді де бұл шарадан тыс қалдырмады. Ардагер энергетик Нүрпейісов Советхан Сейітқалиұлы сайысқа қатысушы энергетиктерге өз білгенімен бөлісіп, батасын берді.

Салтанатты шарадан соң, командалар 7 кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Жеребе тарату арқылы бригадаларға старттық нөмірлер беріліп, кезеңдер бойынша төрешілер анықталды.

Бірінші кезең, командалардың құрал-жабдықтарын, құжаттарын, қорғаныс құралдарын және күнделікті жұмыста қолданатын құрылғыларын тексеру. Екінші кезең, қауіпсіздік ережелері, техникалық пайдалану және өрт қауіпсіздігі бойынша білімдерін тексеру. Үшіншісі – тоққа түскен адамды құтқару және Гоша есімді манкенге алғашқы медициналық көмек көрсету. Төртінші кезең, 110 кВ әуе желісінің темірбетон тірегіндегі аспалы ақаулы оқшаулағыштарды баспалдаққа шығып ауыстыру. Бесінші – 110 кВ әуе желісінің анкерлік тірек контурындағы сымды автогидравликалық көтергішті (АГЖ) пайдалана отырып термиялық дәнекерлеу арқылы қосу. Алтыншы кезең, кернеуі бар 110 кВ әуе желісінің металл анкерлік тірегінің жерге қосу контурын ажырата отырып, жерге қосу кедергісін өлшеу. Жетінші, якорь тірегі аймағындағы өртті сөндіруді қамтиды. Бұл кезеңдердің барлығы күрделі және кәсіби қызметпен тікелей байланысты.

Үш күндік додаданың соңғы күні сайыс аяқталып, компания басшылығы салтанатты марапаттау кешін өткізді. Өздерін тіс қаққан, үздік маман екендерін дәлелдеп, кәсіби жарыста топ жарған үздік үш команданы Басқарма Төрағасы Асылов Абай Ноғайұлы құттықтап, құрмет грамотасымен, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Сонымен қатар, кез-келген қиын жағдайда жол тауып, нәтижелі жұмыс көрсеткен барша қатысушыларды Жергілікті «Серіктес» кәсіподағы ҚБ Төрағасы Қали Сабыржан Базылбекұлы арнайы алғыс хатпен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

Кәсіби жарыс қорытындысы бойынша:

  • 1- орын: «АЖК» АҚ Қонаев ЭТА;
  • 2-орын: «АЖК» АҚ Райымбек ЭТА;
  • 3- орын: «АЖК» АҚ Ұйғыр ЭТА.

Сондай-ақ жарыстың қорытындысы бойынша:

Кезеңдер бойынша үздік төрешілер:

Шинибеков С.Ж. – ТЭТА-ның еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі инспекторы;

Омеков Данияр Оразалыұлы - Релелік қорғаныс және автоматика басқармасы басшысының орынбасары;

Айменова Әдемі Амангелдіқызы - еңбекті қорғау және қауіпсіздік басқармасының бөлім бсшысы.

Төрешілер Құрмет грамоталарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Үздік шебер» атағы Қонаев ЭТА шебері Бақытжанов Боздақ Жарылқасынұлына беріліп, Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды;

«Үздік электр монтері» атағы Даутбай Бақтыбек Мейрамбекұлына табысталды. Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды;

«Ардагер қатысушы» наминациясы Есік электр тораптар ауданының маманы Әшімов Нұрсерік Түгелбайұлына беріліп, Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды;

«Байқаудың ең жас қатысушысы» Нұрахмет Фархат Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды;

Сондай-ақ, кәсіби жарысты өткізуге белсене қатысқан ұйымдастырушыларға алғыс хат беріліп, ақшалай сыйлықпен марапатталды.