Алматы қаласында энергетиктерге арналған жаңа сквер ашылды
2025 жылдың сәуір айында Алматы қаласының Медеу ауданында қала көркін арттырып, тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналатын тағы бір әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Бұл — Энергетиктер атындағы сквер.
Аталған сквердің ерекшелігі — оның орталық бөлігінде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның логотипі бейнеленген арнайы постаменттің орнатылуы. Бұл белгі — қаланы жарықпен қамтамасыз етіп, үздіксіз еңбек етіп жүрген энергетик мамандарға деген шексіз алғыс пен құрметтің нышаны.
Сквердің ашылу салтанатына Медеу ауданының әкімі Оразалин Еркебұлан Нұрланұлы, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Асылов Абай Ноғайұлы, сондай-ақ энергетика саласының ардагерлері Нүрпейісов Советхан Сейітқалиұлы мен Күбегенов Мадияр Ералыұлы қатысты.
Салтанатты іс-шарада сөз алған Еркебұлан Нұрланұлы: «Бұл — Алматы қаласы әкімдігі мен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ бірлесіп жүзеге асырған маңызды жоба. Қаланың көркеюіне үлес қосу мақсатында ашылған сквер қала тұрғындарына жайлылық сыйлап, табиғатты аялауға үндейді деп сенемін», — деді.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Абай Ноғайұлы өз сөзінде: «Бұл сквер – қала тұрғындары үшін ерекше жайлы демалыс орны болады деп сенемін. Жобаны іске асыруға атсалысқан барша жанға алғыс білдіремін!», — деп атап өтті.
Аталған сквердің ашылуы – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар, өндірістік саланың қоғам өміріндегі маңызды рөлін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында атқарылған игі іс.
Сонымен қатар, бұл жоба «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқанын қолдау шеңберінде іске асырылды. Сквер аумағында ағаштар отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жаңа сквер — Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтары үшін экологиялық таза, көрікті әрі тыныш демалыс орнына айналары сөзсіз.