Энергетиктердің кәсіби сайысы – шеберлік пен қауіпсіздікке бастар жол
2025 жылғы 19 мамырда Қаскелең қаласындағы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның оқу-жаттығу полигонында кәсіби шеберлік пен еңбек қауіпсіздігін ұштастырған ауқымды жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқау биыл 6-10/0,4кВ-тық бөлу тораптарының электр монтерлері бригадалары арасында өткізіледі.
Биылғы жарысқа жалпы саны 18 бригада қатысып, бес күн бойы өзара кәсіби біліктілік пен шеберліктің жоғары үлгісін көрсетуге талпынбақ. Сайыс алты кезеңнен тұратын күрделі техникалық және теориялық тапсырмаларды қамтиды. Олар – құрал-саймандардың жарақталуынан бастап, шынайы өндірістік жағдайды бейнелейтін практикалық тапсырмаларға дейінгі аралықты қамтиды.
Жарыстың салтанатты ашылуына Қарасай ауданының әкімі Естенов Жасұлан Тоққожаұлы арнайы қатысып, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға қолдау білдірді.
Ашылу рәсімінде жарыстың бас төрешісі Сағымбеков Жақсылық Берікжанұлы сайысқа дайындық барысы мен ұйымдастыру шаралары жөнінде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Асылов Абай Ноғайұлына баяндап, жарысты ресми түрде бастауға дайын екендігін мәлімдеді.
Өз сөзінде Абай Ноғайұлы: «Шеберлік сайысы – бұл тек жарыс емес, бұл – тәжірибе, жауапкершілік пен бірлікке құрылған алаң. Ал бұл қасиеттер – нағыз энергетиктің басты болмысы» деп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Қарасай ауданы әкімінің шешімімен энергетика саласындағы сіңірген еңбегі мен өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі үшін Асылов Абай Ноғайұлына «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табысталды.