Райымбек ауданындағы таулы 10 кВ әуе желісі толық жаңғыртылды
Алматы облысы Райымбек ауданының таулы аймағында, «Өртенсай», «Ой-Қарағай», «Өгізбай» аңғарлары арқылы өтетін 10 кВ әуе желісі 1978 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ол «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Райымбек аудандық пайдалану учаскесінің қарамағында.
Аталған желі шекара маңындағы №6, 7, 8 және 9 шекара бекеттерін үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Желінің жалпы ұзындығы – 52 км. Ең шалғай нысан – «Өртенсай» бекетіне баратын тармақтың ұзындығы 24 км, оның 13 шақырым бөлігі «Өгізбай» аңғары арқылы өтеді. Бұл аумақ қиын таулы жерде, ағаш тіректерде орналасқан және қолжетімді жолдары жоқ.
2012 жылдан бері бірқатар мемлекеттік органдар Алматы облысы әкімдігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ТЖ департаменті, «Нарынқол орман шаруашылығы» аталған учаскені күрделі жөндеуден өткізуді ұсынған.
Осыған байланысты 2023 жылы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басшылығы желіні толық жаңғырту жөнінде шешім қабылдап, биыл жүзеге асырды.
Жоба аясында 10 кВ әуе желісі бойымен уақытша жол төселіп, материалдарды жеткізу үшін бұзылған көпірлер жөнделіп, жаңалары салынды. Барлығы 260 тірек жаңасына ауыстырылып, 13 км ашық сымы алынып тасталды және оның орнына дәл сондай қашықтыққа оқшауланған СИП-3 сымы тартылды.
Жөндеу жұмыстары 2025 жылғы маусымда басталып, 15 қыркүйекте толық аяқталды.
Нәтижесінде стратегиялық маңызды нысандардың сенімді электрмен жабдықталуы қамтамасыз етіліп, төтенше жағдайлардың алдын алу деңгейі артты.