Өтінімдерді беру тәртібі туралы жалпы ақпарат (техникалық шарттарды алу)
- Электрмен жабдықтауға техникалық шарттар
Электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру жөніндегі өтінімдерді қарау тәртібі Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңымен, табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларымен (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығы) және электр энергиясын пайдалану қағидаларымен (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығы) реттеледі.
Электр желілеріне қосылуға техникалық шарттар мына жағдайларда беріледі:
1) жаңадан енгізілетін немесе қайта жаңартылатын электр қондырғыларын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның электр желілеріне қосу;
2) бұрын берілген техникалық шарттарда көрсетілген қуаттан артық тұтынылатын электр қуатын ұлғайту;
3) сыртқы электрмен жабдықтау схемасын өзгерту;
4) тұтынушының электр энергиясын қабылдағыштарының электрмен жабдықтау сенімділігі санатын өзгерту;
5) тұтынушының жазбаша келісімі болған кезде бұрын берілген техникалық шарттарда көрсетілген қуаттан тұтынылатын электр қуатын азайту.
Электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар беруге арналған өтінімге қоса беріледі:
1) жеке тұлғалар үшін — объект иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; жеке кәсіпкер үшін — жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаның немесе куәліктің көшірмесі; заңды тұлғалар үшін — мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік не анықтаманың көшірмесі;
2) ситуациялық жоспар;
3) сұратылған электр қуатына есеп-негіздеме (өздігінен немесе сараптамалық ұйымды тарта отырып орындалады);
4) электрмен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері;
5) есептік қуаты 5 МВт және одан көп тұтынушылар — лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымы әзірлеген тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасын ұсынады. Бұл схема жоспарланған қосылу жүзеге асырылатын энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйыммен келісілген болуы тиіс.
Электрмен жабдықтауға техникалық шарттарды дайындау мерзімі:
1) техникалық тұрғыдан күрделі емес объектілер үшін — 5 (бес) жұмыс күні ішінде;
2) техникалық тұрғыдан күрделі объектілер үшін — 10 (он) жұмыс күні ішінде.
- Электр желілерінің учаскелерін көшіруге (сырып шығаруға) техникалық шарттар
Электр желілерін көшіруге (сырып шығаруға) техникалық шарттар беруге арналған өтінімге қоса беріледі:
1) жеке тұлғалар үшін — объект иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; жеке кәсіпкер үшін — жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаның немесе куәліктің көшірмесі; заңды тұлғалар үшін — мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік не анықтаманың көшірмесі;
2) көшіруге жататын электр желілері учаскелерін көрсететін ситуациялық жоспар;
3) электрмен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері.
Электр желілерін көшіруге (сырып шығаруға) техникалық шарттарды дайындау мерзімі:
15 (он бес) жұмыс күні.
- Нетто-тұтынушыларды*
(200 кВт-қа дейін қоса алғанда) қосуға техникалық шарттар
Нетто-тұтынушыларды қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі өтінімдерді қарау тәртібі Қазақстан Республикасының «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы» Заңымен, нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларымен (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 309 бұйрығы) және электр желілеріне қосу және шағын ауқымды объектілерді пайдалану қағидаларымен (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 349 бұйрығы) реттеледі.
Нетто-тұтынушыларды қосуға техникалық шарттарды алу үшін нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларына қосымшада белгіленген нысан бойынша «АЖК» АҚ-на хабарлама жіберіледі, оған мына құжаттар мен мәліметтер қоса беріледі:
1) ЖЭК пайдаланатын объектінің негізгі генерациялайтын жабдықтарының техникалық сипаттамалары;
2) шағын ауқымды объектінің электр желілеріне қосылу схемасының көшірмесі;
3) 1 (бір) жылға арналған электр энергиясын өндірудің болжамды жылдық көлемдері (айлар бойынша бөліністе).
Нетто-тұтынушының хабарламасын алғаннан кейін «АЖК» АҚ техникалық шарттарды мына мерзімдерде береді:
қуаты 100 кВт-қа дейін — хабарламаны алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде;
қуаты 100-ден 200 кВт-қа дейін — хабарламаны алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде.
*ҚР «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы» Заңының 1-бабының 4-1) және 13) тармақшаларына сәйкес:
4-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект — жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған, жалпы орнатылған қуаты екі жүз киловатқа дейін (қоса алғанда) болатын техникалық құрылғылар және олармен өзара байланысты, шағын ауқымды объектіні пайдалануға технологиялық тұрғыдан қажетті құрылыстар мен инфрақұрылым;
13) нетто-тұтынушы — өзіне тиесілі (меншік құқығы немесе өзге заттық құқық негізінде) шағын ауқымды объектіден электр және (немесе) жылу энергиясының толық немесе ішінара өзіндік тұтынуын қамтамасыз ететін, тарату электр желісіне қосылған және желіден тұтыну көлемдерін әрі оған жеткізу көлемдерін бөлек есепке алу жүйелерімен жабдықталған жеке немесе заңды тұлға, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерінің біріктірілген қондырғыларын қолданатын тұлға.
- Жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдаланатын объектілерді
(нетто-тұтынушылардан басқа) қосуға және қуат беруге техникалық шарттар
ЖЭК объектісін электр желісіне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі өтінімдерді қарау тәртібі Қазақстан Республикасының «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы» Заңымен, электрлік немесе жылулық желілерге қосылудың ең жақын нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдерімен (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 117 бұйрығы), Электр желілік қағидалармен (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығы) реттеледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 117 бұйрығымен бекітілген электрлік немесе жылулық желілерге қосылудың ең жақын нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдерінің 4 және 6-тармақтарына сәйкес:
«4. Инвестордың электр желілеріне қосылудың ең жақын нүктесін айқындауға арналған еркін нысандағы өтінімі энергия беруші ұйымға беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) қондырғының атауы мен түрі;
2) учаскенің қалаулы орналасқан жері;
3) бүкіл қондырғының жол берілетін берілетін қуаты (ең жоғары мегаваттпен, Cos көрсетіле отырып және (немесе) мегаваттпен (бұдан әрі – МВт), мегавольт-ампермен);
4) ұсынылатын энергия қондырғысында пайдаланылатын технология;
5) пайдалануға берудің болжамды күні;
6) синхронды генераторлары (қозғалтқыштары) бар энергия қондырғысының мегавольт-ампер, МВт атаулы мәндері, бойлық ось бойынша өтпелі реактивті кедергісі, қысқа тұйықталу қатынасы, инерция тұрақтысы;
7) жоғарылатқыш трансформатордың мегавольт-ампер атаулы мәні және тура тізбектегі реактивті кедергісі (max/min тармақтары кезінде);
8) кернеу реттегішінің түрі мен сипаттамалары.»
«6. Энергия беруші ұйым осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтер толық көлемде ұсынылған кезде инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күннен кешіктірмей электр желілеріне қосылудың ең жақын нүктесін айқындайды және инвесторды жазбаша нысанда хабардар етеді».
Техникалық шарттар Электр желілік қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес қосылуға арналған өтінімдер негізінде мынадай құжаттар қоса беріле отырып беріледі:
1) объектінің орналасу орнының ситуациялық жоспары;
2) генераторлық қондырғылардың (генераторлар саны мен қуаты, трансформаторлар, ӘЖ ұзақтығы мен өткізгіш қимасы, қарастырылып отырған аудан желілерінің баланстық тиесілігі көрсетілген) қосылу (қуат беру) болжамды схемасы;
3) объекті құрылысы жоспарланатын негіздеме құжаты (мемлекеттік, салалық бағдарламалар);
4) желінің өз тұтынушыларының тізбесі (қолданыстағы және жоспарланып отырған желі пайдаланушыларының электр жүктемелері, олардың электр қондырғыларының техникалық сипаттамалары көрсетіледі);
5) қосарланған (шунттайтын) желілерді, қосалқы станцияларды салуға жергілікті атқарушы органдардың оң қорытындысы туралы хабарлама (қажет болған жағдайда);
6) жер учаскелерін бөлу туралы шешімдердің, актілердің көшірмелері (құқық белгілейтін құжаттар).
Ескертпе: Электр желілеріне қосылудың ең жақын нүктесін айқындау ЖЭК объектілері үшін орындалады.
Мәлімделген электр қуаты 5 МВт және одан жоғары желі пайдаланушыларын электр желісіне қосуға арналған техникалық шарттар жобалау қызметімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымдары әзірлейтін «Электр станциясының қуат беру схемасы» негізінде беріледі.
«Электр станциясының қуат беру схемасының» мазмұны осы Қағидалардың 3-қосымшасында көрсетілген.
«Электр станциясының қуат беру схемасы» электр желілеріне қосу жоспарланып отырған тиісті ұйыммен (энергия беруші немесе энергия өндіруші), сондай-ақ жүйелік оператормен келісіледі. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын пайдаланушылардың «Электр станциясының қуат беру схемасы» Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптары ескеріле отырып әзірленеді.
- Өтініш берушілердің назарына ақпарат
Қуаты 5 кВт-қа дейін (тұрғын үйлер, жеке қосалқы шаруашылықтар, бау-бақша және саяжай құрылыстары) объектілерді қосуға техникалық шарттарды тұтынушы объектінің орналасқан жері бойынша РЭС-тен алады, сондай-ақ объектінің құқық иесінің электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда www.azhk.kz сайтындағы «Электрмен жабдықтау желілеріне қосылу» бөлімінде «ТШ-ны онлайн алу» сервисі арқылы өтінім беру және техникалық шарттарды алу мүмкіндігі бар. РЭС байланыс деректерін «АЖК» АҚ сайтынан осы жерден көре аласыз.
Қуаты 5 кВт-тан жоғары объектілерді электр желілеріне қосуға өтінім беру және техникалық шарттарды алу да www.azhk.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы жүзеге асырылады: «Электрмен жабдықтау желілеріне қосылу» → «ТШ-ны онлайн алу».
(Байланыс телефондары: +7 (727) 376-16-50, 376-16-11).
Техникалық шарттарды алу үшін ақы алынбайды.