Жақсылық жасау - жүректің ісі

22 ақпан күні әлеуметтік желіде ер азаматтың суға түсіп кеткен күшікті құтқарған видеосы тараған еді. Күннің суығы мен қауіпке қарамастан өз өмірін қатерге тігіп, күшікті жағаға алып шыққан азаматымыз "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ метрология бөлімінің шебері 34 жасар Кемалов Диас Уалиұлы болатын. Желіге тараған оқиға Алматы қаласы, Сайран өзенінің Төлеби көшесінің төменгі жағында орын алған.

«Кезекті тапсырмамен жолда кетіп бара жатқанымызда мұз ойылып суға түсіп кеткен күшікті көріп өтіп кете алмадық, бірден құтқаруға кірістік. Ери бастаған мұздың үстімен еңбектеп барып күшікті алып шықтым. Видеодан көргендеріңіздей ол жерде менімен бірге әріптестерім де болды және күшікті сол жандармен бірге құтқардық десем артық айтқандығым емес. Күшік қатты жаурап қалған екен, «Сайран» қосалқы станциясының күзетшілеріне табыстап кеттік. Себебі, әлі атқарылатын жұмыстарымыз бар еді» деп батырымыз сол оқиғаны еске алды.

Жақсылық жасаудан әркез аянбайтын Диас бүгінде 3 баланың әкесі.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ ұжымы әріптестерінің әрекетімен мақтана отырып үлкен алғысын білдіреді. Жақсылық жасауға уақыт та, қаражат та қажет емес, бастысы жүректеріңіздегі мейірім мен сүйіспеншілік сезімдері өшпесін.