«АЖК» АҚ 2023 жылғы даму жоспарының орындалу барысы

«АЖК» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің ұйымдастыруымен «Компанияның 2023 жылғы қызметі, даму жоспарының орындалу барысы туралы» есеп берді. Алматы қаласы мен Алматы облысын электрмен жабдықтаудың тозу дәрежесін төмендету, сондай-ақ электрмен жабдықтаудың сапасын арттыру мәселелеріне арналған жиынға «Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директорлар Жұбаев Арманбай, Огай Валерий, Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор, Басқарма мүшесі Тұрғамбаев Руслан және корпоративтік хатшы Шалин Ерген қатысты.

Электр қуатына деген қажеттілік жыл сайын шамадан тыс артып келе жатқандықтан кей шағынаудандар мен облыстарда жарық сөніп қалуы жиі болып тұрады. «АЖК» АҚ мамандары жедел түрде ақауларды қалпына келтіріп, авариялық сөнулерді жөндегенімен ескірген желілерді жаңартпайынша бұл мәселе толық шешілмейтіні анық. 2023 жылға жоспарланған жөндеу науқаны 15 сәуірде басталып, бекітілген негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу кестесіне сәйкес жүргізілуде. 2023 жылы іске асырылатын жобаларда қолданыстағы қосалқы станциялардың жүктемесін азайтып жаңадан салынғанға ауыстыру, электрмен жабдықтау сапасын арттыру үшін электр желілерін қайта құру және жаңадан салу, шамадан тыс жүктелген және ескірген кабельдік желілерді ауыстыру қарастырылған.

Қосымша шаралар есебінен 2023-2025 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарлама жобасында көзделген іс-шараларды іске асырудан негізгі нәтижелер: 35 кВ және одан жоғары жаңа және қайта жаңартылған электр желілерін іске қосу; 6-10-0,4 кВ қайта жаңартылған және жаңартылған электр беру желілерін іске қосу; тозығы жеткен электр желілерін мен жазатайым оқиғаларды азайту болып табылады.

«АЖК» АҚ бекітілген Даму жоспарына сәйкес 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламаны жандандыруға 14 927 млн.теңге қарастырылған. 2023-2025 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарлама бойынша қосымша шараларды іске асыру кәсіпорынның жеке қаражаты – тариф есебінен жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу кестесі, жылдық жұмыс көлемінің 19% құрайды.