Жаңа жыл қарсаңында жақсылыққа сеніп, сыйлықтар күтетініміз анық

Жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мектеп-интернат оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлады.

Компания жұмысшылары Алматы облысы Қырғауылды ауылында орналасқан ерекше қажеттілігі бар, мүмкіндігі шектеулі балаларға және олардың ата-аналарына көмек көрсететін «Домики» паллиативті орталығында болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Орталық мамандары мен еріктілер ауыр науқас балаларға, олардың ата-аналарына үнемі жәрдемдесіп, әртүрлі мерекелік іс-шаралар өткізіп, балалар мен ата-аналарына моральдық және материалдық қолдау көрсетсе, «Кәусар» мектеп-интернатында қазіргі таңда 20 қыз бала тәрбиеленуде. Ата-аналық құқығынан айырылмаған, алайда тұрмыс тауқіметіне түсіп, балаларын баға алмай отырған жандарға жәрдем беріп, қыздарын мектепке апарып-алып келіп, сабақтарын оқытып, ыстық тамағын беріп, жайлы жағдай жасап, тек материалдық қана емес психологиялық та көмегін де беріп отырған орталық мамандарының еңбегін ерекше атап кеткеніміз жөн.

Екі орталықтың мамандарының қарапайым әрекеттері — оларға деген құрметімізді күшейтіп, ерекше қажеттіліктері бар жандарға деген жалпы қарым-қатынастарымызды жаңа белеске көтергені анық. Орталық мамандарына үлкен алғысымызды білдіріп, қайырымды істеріңіз берекелі болып, еліміздің болашағы жас өреңдеріміз тек биіктерден көрініп, қыздарымыз инабатты, ибалы, ұлдарымыз салмақты, салиқалы ұрпақтан болсын деп тілейміз.