«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары кәсіби еңбегі үшін марапатталды
Энергетика саласының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп келе жатқан «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да мазмұны терең, тағылымы мол салтанатты іс-шара өтті. Компанияның бірқатар білікті мамандары көпжылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген жауапкершілігі үшін төс белгілерімен марапатталды.
Марапаттау рәсімі ұжымның бірлігі мен еңбекті бағалауға деген айрықша құрметін айқындады. Салтанатты жиын барысында компания басшылығы энергетика саласының үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуі – ең алдымен, өз ісіне берілген, тәжірибелі мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Қиындығы мен жауапкершілігі мол салада қызмет етіп жүрген энергетиктердің қоғам өміріндегі маңызы ерекше екені айтылды.
Іс-шара аясында биылғы жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, өндірістік көрсеткіштер мен жүзеге асырылған жобалар жан-жақты сараланды. Электр желілерінің сенімділігін арттыру, апаттық жағдайлардың алдын алу, тұтынушыларды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар оң бағасын алды.
Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер де белгіленді. Келер жылы жұмыстарды бұдан да жоғары қарқынмен атқарып, тиімділікті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі айтылды. Бұл мақсаттарға жетуде ұжымның ауызбіршілігі мен әрбір қызметкердің кәсіби шеберлігі шешуші рөл атқаратыны ерекше атап өтілді.
Салтанатты жиын соңында марапат иелері көрсетілген сенім мен жоғары баға үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да компанияның дамуы жолында аянбай еңбек етуге дайын екендерін жеткізді. Мұндай марапаттар ұжым мүшелерін жаңа жетістіктерге жетелеп, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның берік еңбек дәстүрін одан әрі нығайта түсері сөзсіз.


