«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ автопаркі 150 жаңа көлікпен толықты

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ автопаркі 150 жаңа көлікпен толықты

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ автопаркті жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі аясында өндірістік бөлімшелеріне тағы 150 жаңа көлік табыстады. Келер жылы 200-ден астам көлік сатып алу жоспарланып отыр.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Алматы қаласы мен Алматы облысының электр энергетикалық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Миллиондаған тұтынушыны сенімді әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін білікті мамандармен қатар, заманауи техникамен жабдықталған өндірістік база да қажет.

Осы мақсатта компания автопаркін кезең-кезеңімен жаңғыртып келеді. Жаңа көліктер электр желілеріне қызмет көрсету, апаттық-қалпына келтіру, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға және өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған.

2023 жылдың басында компанияның автопаркінде 626 бірлік көлік пен арнайы техника болды. Олардың едәуір бөлігі тозып, жаңартуды қажет етті. Осы мәселені шешу мақсатында 2023 жылы Басқарма Төрағасы Абай Ноғайұлы Асыловтың бастамасымен автопаркті жаңғыртудың алғашқы кезеңі жүзеге асырылып, компания шамамен 80 жаңа арнайы техника сатып алды. Олардың қатарында бригадалық фургондар, самосвалдар, эвакуаторлар, автокрандар мен манипуляторлар бар. Техника компанияның өз қаражаты есебінен сатып алынды.

Биыл жаңғырту жұмыстары жалғасып, автопарк тағы 150 жаңа көлікпен толықты. Жаңа техника қалалық және облыстық электр тарату желілеріне қызмет көрсететін негізгі өндірістік бөлімшелерге беріледі.

Салтанатты шара барысында «АЖК» АҚ Басқарма Төрағасы Абай Ноғайұлы Асылов автопаркті жаңғыртудың өндірістік жұмыстардың тиімділігі мен сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.

«Бұған дейін ескірген автокөліктердің салдарынан кейбір жұмыстарды уақытылы орындау қиындап, техниканы жөндеуге де айтарлықтай уақыт пен қаражат жұмсалатын. Осы мәселені шешу үшін 2023 жылы ауқымды жұмыс жүргізіп, жаңа арнайы техника сатып алдық. Биыл бұл бастаманы жалғастырып, автопаркімізді тағы 150 жаңа көлікпен толықтырдық. Келер жылы 200-ден астам көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз.

«Заманауи техника мамандарымыздың жұмысын жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге және өндірістік міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, электр желілеріндегі жөндеу және жаңғырту жұмыстарының сапасы мен жеделдігін арттырып, тұтынушыларды сенімді электрмен жабдықтауға үлес қосады деп сенемін. Жаңа көліктер ел игілігіне қызмет етіп, энергетиктеріміздің сенімді серігіне айналсын!» – деді Абай Ноғайұлы.

Қазіргі таңда компанияның автопаркінде 825 бірлік көлік пен арнайы техника бар. Жаңа көліктерді ескере отырып есептегенде, автопарктің тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Сонымен қатар 200 көліктің пайдалану мерзімі аяқталған. Бұл техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарының маңыздылығын көрсетеді.

Автопаркті жаңғырту алдағы уақытта да жалғасады. Келер жылы 200-ден астам көлік сатып алу жоспары өндірістік бөлімшелердің техникалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, электр желілеріне қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашады.

Заманауи техникаға инвестиция салу – компанияның өндірістік әлеуетін нығайтумен қатар, қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға, жұмыстарды жедел әрі сапалы орындауға және тұтынушыларға көрсетілетін қызмет деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ автопаркті жүйелі түрде жаңғырту арқылы электр желілерінің сенімділігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және тұтынушыларды сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.