Райымбек электр тораптары ауданы 2026 жылға жоспарланған жұмыстар аясында шалғай елді мекендерді тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында электр желілерін жаңарту жұмыстарын жүзеге асырды.
Атап айтқанда, 1974 жылы салынған 10 кВ әуе электр желісінің 7,48 шақырым учаскесіндегі тіректер толық ауыстырылып, 2,4 шақырым желі жаңартылды. Сонымен қатар 0,4 кВ әуе электр желілерінің 95 тірегі жаңартылып, қосалқы станцияларға 12 вакуумдық ажыратқыш орнатылды.
Аталған жұмыстар электр желілерінің техникалық жағдайын жақсартуға, жабдықтардың пайдалану сенімділігін арттыруға және электрмен жабдықтау кезінде туындауы мүмкін технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Әсіресе, бірнеше ондаған жыл бұрын салынған электр желілерін жаңарту шалғай ауылдар үшін маңызды. Себебі сапалы жаңартылған инфрақұрылым тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтуға және өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға негіз болады.
Электр желілерін жаңғырту жұмыстары – тұрғындардың жайлы тұрмысы мен елді мекендердің тұрақты дамуының маңызды кепілі.


