2026 жылғы 3 қарашада «АЖК» АҚ басшылығы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдерімен, оның ішінде Банктің банк операциялары жөніндегі вице-президенті Маттео Патроне және Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры, ЕҚДБ-ның Қазақстандағы басшысы Хусейн Озханмен жұмыс кездесуін өткізді.
2025 жылдан бастап «АЖК» АҚ еліміздің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобасын (МЭКС) іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
2026 жылға арналған МЭКС жобаларын дайындау және іске асыру шеңберінде Қоғам қаржыландыру тарту бағытында, оның ішінде халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізу арқылы ауқымды жұмыс атқарды.
Осы жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі Еуропалық қайта құру және даму банкімен 102 млрд теңге сомасына кредиттік шарт жасасу болды. Бұл келісім 2026 жылға арналған МЭКС ұлттық жобасы шеңберіндегі жобаларды іске асырудың маңызды кезеңіне айналды.
Кездесу барысында тараптар 2026 жылға арналған жобалардың іске асырылуының аралық қорытындыларын шығарып, қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын, өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысқан командалардың кәсібилігін атап өтті.
Сондай-ақ 2027 жылға арналған жобаларды іске асыру мақсатында одан әрі ынтымақтастықты дамыту және қаржыландыру тарту мәселелері бойынша пікір алмасты.


