«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на арнайы іссапармен Монғолия Кәсіподақтар Конфедерациясының өкілдері – Құрметті президент Горчинсүрэн Адьяа және Конфедерация президентінің кеңесшісі, Халықаралық еңбек ұйымындағы тұрақты өкілі Залмаа Сухбаатар келді.

Кездесу барысында «Алатау Жарық Компаниясының» негізгі қызмет бағыттары, даму стратегиясы, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдер мен жаңа технологияларды енгізу тәжірибесі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Делегация мүшелері электр энергиясын таратудағы инновациялық тәсілдермен, желілерді жаңғырту жобаларымен және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Сонымен қатар, қонақтар Алматы қаласы мен облысында орналасқан қосалқы станциялардың жұмысын аралап көріп, энергетиктердің күнделікті қызметіне жоғары баға берді. Тараптар энергетика саласындағы тәжірибе алмасудың өзара тиімділігіне тоқталып, кадрларды даярлау, еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіподақтармен байланыс орнату мәселелерін талқылады.

Кездесу соңында тараптар болашақта екіжақты әріптестікті кеңейтуге, тәжірибе мен білім алмасуды тұрақты жолға қоюға ниетті екендіктерін атап өтті.