Жергілікті «Серіктес» кәсіподағы ҚБ ұйымдастыруымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қызметкерлері арасында ауқымды спартакиада жоғары деңгейде өтті. Бұл шара – ұжымдық бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Спартакиада барысында қатысушылар арқан тарту, қол күрес, асық ату, шахмат, жүзу, жүгіру, садақ ату, дартс, бес тас және тоғызқұмалақ сынды ұлттық және заманауи спорт түрлерінен сынға түсті. Әрбір сайыс ерекше тартысқа толы өтіп, қызметкерлер өздерінің ептілігі мен шеберлігін, табандылығы мен ұйымшылдығын көрсете білді.

Әсіресе, ұлттық ойындарға деген қызығушылық айрықша байқалды. Асық ату мен тоғызқұмалақ сайыстары ұлттық мұраны ұлықтап, қатысушылардың рухын көтерді. Ал спорттың өзге түрлерінде командалық бірлік пен жеңіске деген жігер анық сезілді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Ең бастысы, топ жарған қатысушылар алдағы уақытта өтетін «Самұрық-Энерго» компаниялар тобы арасындағы спартакиаданың іріктеу кезеңіне жолдама алып, өз шеберліктерін одан әрі шыңдауға мүмкіндік алды.

Бұл спартакиада – тек спорттық жарыс қана емес, әріптестер арасындағы достықты бекемдеп, ортақ мақсатқа ұмтылған бірліктің жарқын көрінісі болды. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.