«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Бас инженері Тимирязев көшесіндегі жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді
“Алатау Жарық Компаниясы” АҚ Бас инженері Жақсылық Сағымбеков мердігер ұйымның атқарып жатқан жұмыс барысын арнайы тексерді.
Инвестициялық бағдарлама аясында Алматы қаласының маңызды көлік және инфрақұрылымдық артерияларының бірі саналатын Тимирязев көшесінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба шеңберінде бұрыннан пайдаланылып келген 6 кВ ескірген электр желілері кезең-кезеңімен заманауи, қуаттылығы жоғары 10 кВ жаңа желілерге ауыстырылуда.
Аталған жұмыстар қаланың электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға, жүктемеге төзімділігін күшейтуге және тұтынушыларды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, жаңа технологияларды енгізу арқылы желілердің тозу деңгейі төмендеп, апаттық жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі артады.
Тексеру барысында Бас инженер мердігер ұйымға құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударуды, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Жоба белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылып, қала инфрақұрылымын жаңғыртуға өз үлесін қосуда.


