«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ алаңында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері мен бейінді басқармалары басшыларының қатысуымен энергетика саласының өзекті мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында қатысушылар компанияның соңғы төрт жылда атқарған жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Атап айтқанда, электр желілерін жаңғырту, жаңа қосалқы станцияларды салу, қолданыстағы энергетикалық нысандарды реконструкциялау, сондай-ақ тұтынушыларды сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету бағытында іске асырылған жобалар таныстырылды.

Іс-шара аясында делегация компанияның диспетчерлік орталығының жұмысымен танысып, электр желілерін жедел басқару және апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударды.

Сонымен қатар қатысушыларға 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде жоспарланған жаңа энергетикалық нысандардың құрылысы, қосалқы станцияларды жаңғырту және электр желілерін техникалық қайта жарақтандыру бағытындағы алдағы жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің өкілдері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жүзеге асырып жатқан стратегиялық жобалардың энергетикалық инфрақұрылымды дамытудағы маңызын атап өтіп, компанияның саладағы жүйелі әрі тиімді жұмысына жоғары баға берді.