«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткен дәстүрлі спартакиадада үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте тағы бір мәрте чемпион атанған «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ спортшыларын компания басшылығы салтанатты түрде құттықтады.

Осыған орай ұйымдастырылған кездесуде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Абай Асылов жарыс барысында жоғары спорттық шеберлік танытып, жүлделі орындарға ие болған және команданың жеңісіне өз үлесін қосқан барлық қызметкерлерге ризашылығын білдірді.

Өз сөзінде ол бұл жетістіктің кездейсоқ еместігін атап өтіп, компания ұжымының ұйымшылдығы, өзара қолдауы мен жеңіске деген ұмтылысы кез келген салада жоғары нәтиже беретінін жеткізді.

— Спорт – тек жарыс алаңы ғана емес, ол тәртіптің, табандылықтың және командалық рухтың мектебі. Біздің қызметкерлер өндірістегі жауапкершілігімен қатар, спортта да биік белестерді бағындырып келеді. Бұл – бүкіл компания үшін үлкен мақтаныш. Осындай жеңістер ұжымның бірлігін нығайтып, жаңа жетістіктерге жетелейді, – деді Абай Асылов.

Айта кетейік, биылғы спартакиадаға «Самұрық-Энерго» компаниялар тобының 16 командасы қатысып, спорттың бірнеше түрі бойынша өзара бақ сынады. Тартысты дода қорытындысында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ командасы 23 алтын, 8 күміс және 10 қола медаль жеңіп алып, үшінші жыл қатарынан жалпыкомандалық есепте чемпион атанды.

Кездесу барысында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы марапатталып, компанияның дамуына және корпоративтік мәдениетті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды.

Бұл игі дәстүр компанияда еңбек адамының жетістігін бағалау мен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән берілетінінің жарқын дәлелі. Өз кезегінде спортшылар көрсетілген қолдау мен сенім үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да «Алатау Жарық Компаниясы» абыройын асқақтатып, жаңа жеңістерге жетуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді.