«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Алматы қаласы мен Алматы облысының энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңнің бастауын жариялап, жаңа Желілерді басқару орталығының іргетасын қалау және болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласын салу рәсімін өткізді.

Бұл жоба – еліміздің оңтүстік өңіріндегі электрмен жабдықтау жүйесін басқарудың жаңа деңгейге көтерілуін айқындайтын стратегиялық бастама. Заманауи орталық Алматы қаласы мен Алматы облысының энергетикалық жүйесінің жүрегіне айналып, электр желілерінің тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі басқару алаңы болмақ.

Жоғары технологиялық кешенде бірыңғай диспетчерлік қызметтер мен заманауи Call-орталық шоғырланып, электр желілерінің жұмысын тәулік бойы бақылауға, апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге және тұтынушылармен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Орталық толық іске қосылған кезде мұнда 900-ге жуық жоғары білікті маман еңбек етеді. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі миллиондаған тұрғын мен мыңдаған кәсіпорынның үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілуінің кепілі болады.

Жаңа Желілерді басқару орталығы – жай ғана әкімшілік ғимарат емес. Бұл – энергетика саласын цифрландыруға, интеллектуалды басқару жүйелерін енгізуге, электр желілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба. Заманауи технологиялар негізінде құрылған кешен өңірдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтып, болашақтың «ақылды желілерін» дамытуға берік негіз қалайды.

Салтанатты рәсім барысында арнайы уақыт капсуласы салынып, оған бүгінгі энергетиктердің болашақ ұрпаққа арналған үндеуі орналастырылды. Бұл – қазіргі буынның ел энергетикасын дамыту жолындағы қажырлы еңбегі мен жарқын болашаққа деген сенімінің символы.

Уақыт капсуласының салынуы ұрпақтар сабақтастығын, кәсіби жауапкершілікті және үздіксіз даму қағидатын білдіреді. Өйткені энергетика – ел экономикасының тірегі, ал сенімді электрмен жабдықтау – халықтың әл-ауқаты мен өндірістің тұрақты жұмысының басты кепілі.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жаңа Желілерді басқару орталығының құрылысы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, Қазақстанның электр энергетикасы саласындағы озық технологияларды енгізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.