«Алатау Жарық Компаниясы» үшінші жыл қатарынан Спартакиада чемпионы атанды
«Самұрық-Энерго» компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткен дәстүрлі Спартакиада өз мәресіне жетті. Биылғы ауқымды спорттық додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген энергетика саласының 16 командасы бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады.
Бірнеше күнге созылған жарыстарда қатысушылар спорттың әртүрлі түрлері бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, жүзу, арқан тарту және басқа да командалық әрі жеке сайыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ командасы жоғары дайындық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, 23 алтын, 8 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте қарсыластарынан басым түсіп, І орынды иеленіп, чемпиондық Кубокты жеңіп алды.
Бұл – компания ұжымы үшін ерекше жетістік. Өйткені «Алатау Жарық Компаниясы» осымен үшінші жыл қатарынан «Самұрық-Энерго» компаниялар тобы қызметкерлері арасындағы Спартакиаданың чемпионы атанып отыр.
Бұл жеңіс – тек спорттағы табыс қана емес, сонымен қатар ұжымдағы ынтымақтың, өзара қолдаудың және салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын көрінісі. Энергетика саласының қызметкерлері өндірістегі кәсіби шеберліктерімен қатар, спорт алаңында да жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басшылығы барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды және команда жанкүйерлерін тарихи жеңіспен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға тілектестік білдіреді.
Үш жылдық жеңіс дәстүрі – мықты команданың, біртұтас ұжымның және жеңіске деген жігердің нәтижесі.


