«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Бас инженері қауіпсіздік мәдениетін нығайту бойынша жиын өткізді
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Бас инженері Жақсылық Сағымбеков Жамбыл электр тораптары ауданында өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға арналған маңызды жиын өткізді.
Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, өндірістік тәртіпті күшейту және әр қызметкердің жеке жауапкершілігі мәселелері кеңінен талқыланды.
«Компания үшін ең басты құндылық — адам өмірі. Электр энергетикасы саласында әрбір әрекет жауапкершілік пен сақтықты талап етеді. Сондықтан әр қызметкер алдымен өзін қорғап, әріптесінің қауіпсіздігіне де бейжай қарамауы тиіс. Қауіпсіздік — бұл талап қана емес, ортақ мәдениет пен кәсіби ұстаным», — деп атап өтті Бас инженер.
Жиын барысында өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және «Нөлдік жарақат» қағидатын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Адам өмірі мен денсаулығы — кез келген өндірістік көрсеткіштен жоғары. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау — әр қызметкердің күнделікті міндеті ғана емес, өзіне, отбасына және әріптестеріне деген құрметтің көрінісі.


