«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға Тәжікстан Республикасының энергетика саласы өкілдерінен құралған делегация жұмыс сапарымен келді. Сапардың негізгі мақсаты – электр тарату желілерін басқару, өндірістік үдерістерді цифрландыру және қалалық электр желілерін жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, тәжірибе алмасу.

Кездесу барысында делегация мүшелері компанияның диспетчерлік қызметінің жұмысымен, электр желілерін жедел басқару жүйесімен, сондай-ақ тұтынушыларды сапалы әрі сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін қолданылып жатқан заманауи технологиялармен танысты.

Сонымен қатар қонақтарға ірі мегаполис жағдайында электр тарату желілерін жаңғырту бойынша жинақталған тәжірибе кеңінен таныстырылды. Компанияның инвестициялық бағдарламалары, цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы бастамалары және электр желілері кешенін дамытуға арналған ұзақ мерзімді жоспарлары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Іс-шара соңында тараптар электр тарату желілерін дамытудағы өзекті мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ кәсіби ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, үздік тәжірибелермен тұрақты түрде бөлісуге дайын екендіктерін білдірді.