«Қыс-2026»: 5-Электр тораптары ауданында кешенді өртке қарсы оқу-жаттығу өткізілді

«Қыс-2026»: 5-Электр тораптары ауданында кешенді өртке қарсы оқу-жаттығу өткізілді

«Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының 5-Электр тораптары ауданында «Қыс-2026» дайындық кезеңі аясында кешенді өртке қарсы оқу-жаттығу ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – өндірістік нысанда төтенше жағдай туындаған кезде қызметкерлердің, өрт сөндіру және жедел медициналық көмек қызметтерінің өзара үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету, сондай-ақ ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу шараларын тәжірибе жүзінде пысықтау.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша электр кабелінің үзілуі салдарынан ғимаратта өрт шықты. Шартты төтенше жағдай туралы тиісті қызметтерге хабар беріліп, оқиға орнына өрт сөндірушілер мен жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылды.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметінің мамандары өртті сөндіру жұмыстарын жүргізіп, ғимарат ішінде қалып қойған адамды құтқару шараларын жүзеге асырды. Құтқарылған зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметкерлері оны әрі қарай медициналық мекемеге жеткізу үшін алып кетті.

Өрт сөндіру жұмыстары аяқталып, жағдай тұрақтанғаннан кейін электр желілеріне жауапты мамандар кабельдің үзілген бөлігін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, электрмен жабдықтау жүйесінің жұмысын қайта жандандыру шараларын пысықтады.

Кешенді оқу-жаттығу барысында өрт сөндірушілердің, медицина қызметкерлерінің және электр энергетикасы мамандарының өзара іс-қимылы, жедел шешім қабылдау қабілеті мен төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібі сыналды.

Мұндай тәжірибелік шаралар өндірістік нысандардағы қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, адам өмірін сақтап қалу жолындағы әрбір қызметтің маңыздылығын айқындайды.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ үшін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кез келген төтенше жағдайға дайын болу – басты басымдықтардың бірі.